Тоқаев геосаяси жағдай мен Қазақстанның ұстанымы жайлы пікір білдірді
Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) штаб-пәтері ашылды. Салтанатты шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатия саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Бабаларымыз ежелден-ақ "дала дипломатиясы" қағидаттарын ұстанып келген. Қазақ халқының ашық әрі достық ниеттегі диалог жүргізе білуінің арқасында Ұлы Далада бейбіт өмір сүрудің өзіндік үлгісі қалыптасты. Өзара құрмет пен түсіністік – сыртқы саясатымыздың тарихи әрі мызғымас бағыты, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Астанада АӨСШК-ның бас кеңсесінің ашылуын маңызды тарихи оқиға деп атады.
– Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Азия елдерінің өзара сенім мен ынтымақтастығын арттыру мақсатында АӨСШК-ны құру бастамасын көтерген болатын. Бұл бастама өз уақытында жасалған әрі халықаралық қауымдастық тарапынан кең қолдау тапты. Бүгінгі таңда Кеңес аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жолында маңызды алаңға айналып отыр. Қазіргі күрделі кезеңде АӨСШК-ның негізгі мақсаты – сенімді арттыру – бұрынғыдан бетер өзекті. Бұл ұйым Азия құрлығының 90 пайызын қамтып, әлем халқының жартысынан астамын біріктіріп отыр, – деді Тоқаев.
Президент қазіргі геосаяси жағдайдың шиеленісіп, көпжақты әріптестік қағидаттарының әлсіреуі жаһандық және өңірлік тұрақтылыққа тікелей қауіп төндіріп отырғанын айтты.
– Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған күрделі және беймәлім үдерістерге тап болды. Өкінішке қарай, халықаралық құқықтың негіздері бүлініп, күш заңы заңнан биік қойыла бастады. Мұндай жағдайда барлық мемлекеттердің БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларын бұрмаламай, бұлжытпай ұстануы аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалар бағытынан айнымайтынын жеткізді.
– Мен ел Президенті ретінде елімізде "Заң және тәртіп" қағидаты бұлжымай орындалуы керек деп есептеймін. Соңғы жылдары бейбіт жиындар туралы заң жетілдірілді, саяси партияларды тіркеу талабы жеңілдеді, жала жабу қылмыстық жазадан алынып тасталды, өлім жазасына толық тыйым салынды. Бұл – біздің демократия мен заң үстемдігіне берік екеніміздің айқын дәлелі, – деді Президент.