Қазақстандық шахматшылар кадеттер арасындағы Әлем кубогында 2 медаль жеңіп алды!
Батуми қаласында (Грузия) 8, 10 және 12 жасқа дейінгі жас санаттарындағы юниорларарасындағы FIDE Әлем кубогы мәресіне жетті. Турнирде Қазақстанның жас шахматшылары жарқын ойын көрсетіп, екі жүлдеге ие болды! Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Астаналық Алиша Бисалиева алтын медаль, ал Әдинұр Әділбек қола медалға ие болды.
Бірінші кезеңде әр жас санатындағы ұлдар мен қыздар орташа рейтингке сәйкес екі топқа бөлініп, швейцарлық жүйе бойынша 90+30 уақыт бақылауымен 7 тур ойнады. Екінші кезеңде әр топта бірдей орын алған шахматшылар өзара матч ойнап, жеңімпаз анықталды: екі классикалық партия (90+30), тең жағдайда – екі рапид партиясы (15+2), тең түссе – блиц (3+2) форматында шешуші жеңіске дейін жалғасатын ойын.
8 жасқа дейінгі қыздар санатында 2025 жылғы мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионы (U9) Алиша Бисалиева тағы да өз шеберлігін дәлелдеді. Финалда ол Варвара Волковадан (FID) екі партияда басым түсіп, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды!
Осы жас санатындағы ұлдар арасында өнер көрсеткен Әдинұр Әділбек те тамаша нәтижеге қол жеткізді – ол үшінші орын үшін матчта Богдан Калининді (FID) 1½–½ есебімен жеңіп, қола медаль иеленді.
Сонымен қатар Қостанай облысынан келген Иман Нәбиев те жақсы нәтиже көрсетті. Ол 10 жасқа дейінгі санатта қола медаль үшін таласып, үндістандық Аарит Капилге есе жіберіп, төртінші орынға тұрақтады.
Қазақстандық кадеттер әлемдік аренада өздерін сенімді таныта білді. Батуми қаласындағы бұл жетістіктер – олардың таланты мен еңбекқорлығының айғағы. Жас дарындар еліміздің шахмат болашағына зор үміт ұялатады!