Sportroom

Алуа Балқыбекова АҚШ боксшысын ойсырата жеңді

Астанада өткен Бокстан Әлем кубогы кезеңінде 51 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Алуа Балқыбекова АҚШ спортшысы Дженнифер Лосаноны айқын басымдықпен жеңіп шықты.

Кездесудің алғашқы раундынан-ақ Балқыбекова қарсыласын қыспаққа алып, соққы жасауға мүмкіндік бермеді. Жекпе-жекті бақылауында ұстаған Алуа бұл раундта төрешілердің бірауыздан қолдауына ие болды.

Екінші раундта да бастама қазақ қызының қолында болды. Ол әрі алыстан, әрі жақын қашықтықта сәтті жұдырықтасты. Десе де, Лосано да қарап қалмай, қорғанысын күшейтіп, қарсы әрекет танытты. Алайда бұл раунд та Балқыбекованың еншісінде кетті.

Үшінші раундта америкалық спортшы белсенділік танытып, қарымта шабуыл жасауға тырысты. Бірақ Алуа қарқынын бәсеңдетпей, айқасты сенімді түрде аяқтады. Нәтижесінде төрешілер жекпе-жек жеңімпазы ретінде бірауыздан қазақстандық спортшыны атады.

Айта кетейік, Алуа Балқыбекова биыл 16 наурызда Сербияның Ниш қаласында өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленіп, әлем чемпионы атанған болатын. Финалда ол Қытай спортшысы Ху Мэйимен кездесіп, 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жеткен еді.