Жаңалықтар

Шенеуніктер мен үкіметке қарсы жазбаларды бақылау үшін 16 млн теңге бөлінді

Астана қаласының Коммуникациялар қызметі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі мемлекеттік органдарға бағытталған жағымсыз пікірлерді анықтау мақсатында 24/7 режимінде мониторинг жүргізуге келісімшарт жасаған. 

Мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланған мәліметке сүйенсек, келісімшарт 2025 жылғы 31 наурызда жасалған. Қызмет құны – шамамен 16 миллион теңге. Жобаны жүзеге асыру құқығын Күдайбергенов М.С. есімді жеке кәсіпкер иеленген.

Не бақыланады?
Мониторинг 55 мыңнан астам ақпарат көзіне жүргізіледі. Оның ішінде:

  • дәстүрлі және цифрлық медиа,
  • қазақстандық әрі шетелдік БАҚ,
  • әлеуметтік желілер (Facebook, Instagram, X, Telegram, YouTube және т.б.),
  • блогтар, форумдар, пікір алаңдары мен газет-журналдардың онлайн архивтері бар.

Қалай жұмыс істейді?
Жүйе жарияланған жазбаларды жынысы, жасы, геолокациясы секілді параметрлер бойынша сүзгілеп, метадеректермен бірге (лайк саны, пікір, репост, қамту деңгейі) жинап, мұрағаттап отырады.

Негізгі назар эмоциялық тұрғыдан теріс реңкке ие жазбаларға аударылады. Пікірлер «агрессия» және «қатты агрессия» деңгейлері бойынша топтастырылып, ай сайын тапсырыс беруші тарапқа есеп түрінде жолданады.

Қосымша мүмкіндіктері:
 Суреттегі мәтінді тану – жасырулы мағынадағы жазбалар, мемдер мен жарнамалық шабуылдарды анықтау үшін.
 Корпоративтік дағдарыс детекторы – әлеуетті ақпараттық дау туындамай тұрып, соған ерте жауап қатуға мүмкіндік беретін құрал.

Мұнымен қоса, мердігер агрессивті пікір жазған авторлар туралы мәліметті де беруі тиіс: жасы, жынысы, қай өңірде тұратыны және аудиториясының белсенділік деңгейі.