Елімізде киік етінен шұжық жасалып жатыр
Орал қаласында алғаш рет ақбөкен етінен шұжық жасайтын шағын өндіріс іске қосылды, деп хабарлайды newsroom.kz "Алатау ақпаратқа" сілтеме жасап.
Эксперименттік жобаны Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің жас зерттеушілері қолға алған.
mgorod.kz порталының жазуынша, шұжық құрамына 70% ақбөкен еті, қалған 30% құс еті қосылады. Жоба авторлары өнім сапасын жақсартып, өңдеу технологиясын жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Әсіресе, шұжықтың денсаулыққа зиянсыздығына және соңғы өңдеу кезеңінің дұрыс болуына баса мән берілуде.
Университет оқытушысы, магистр Айдана Бекбусинова бұл өнімнің басты ерекшелігіне тоқталды.
– Құрамына дәстүрлі дәмдеуіштер – тұз, бұрыш, сарымсақ қосылады. Тәжірибе кезінде ақбөкен етінің ерекше жұмсақ әрі шырынды екенін байқадық. Дайын өнім тоңазытқышта екі аптаға дейін сақталады, – дейді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда ақбөкендерді ату мәселесі әлі де қоғам назарында. Жақында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев табиғаттан қанша киікті алу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, елімізде 800 мың бас киікті ату ұсынылып отыр.