Жаңалықтар

Алматыда ғылым мен технология кеңесі құрылады

Алдағы уақытта Алматыда ғылым мен технология бағытындағы қалалық кеңес жұмысын бастайды. Бұл кеңеске жоғары оқу орындарының өкілдері мен ғылыми қауымдастық мүшелері мүше болады. Қала әкімдігінің мәліметінше, кеңес — мегаполисті дамытуға бағытталған ғылыми және технологиялық бастамаларға жол ашатын алаңға айналмақ.

Жоба тек аты бар құрылым емес, нақты жұмыс істейтін, қала тіршілігіне тікелей әсер ете алатын, ғылыми жобаларды қолдап, университеттердегі зерттеулерді нақты іске енгізетін жүйе болмақ.

Кеңес құрудағы басты мақсат — жоғары оқу орындары мен қалалық жобалар арасындағы байланысты күшейту. Әсіресе, студенттер мен жас ғалымдарды Алматының өзекті мәселелерін шешуге тарту көзделіп отыр: тұрақты даму, цифрлық орта қалыптастыру, экологиялық тепе-теңдік секілді бағыттар басымдыққа ие болады.

Ең бастысы – бұл бастама қағаз жүзінде қалып қоймай, қаланың нақты дамуына ықпал ететін шынайы жүйеге айналса игі.