Ақтөбенің тасжолдарын жөндеуге Қазақстан 2048 жылға дейін қарыз алды
Үкімет Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын бағытындағы жолды жаңғыртуды мемлекеттік кепілдікпен жүзеге асатын жобалар тізіміне енгізді. Қайта жаңғырту жұмыстарына қажетті қаржыны Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) береді. Қарызды өтеу мерзімі 2048 жылға дейін жалғасады.
Жобаның жалпы құны – 522,7 млрд теңге, оның ішінде 460 млрд теңге – сыртқы қарыз есебінен.
2025 жылы – 155 млрд,
2026 жылы – 305 млрд теңге бөлінеді.
Ұзындығы 262 шақырым болатын жол толық жөндеуден өтіп, 4 жолақты магистральға айналады. Жоба авторларының айтуынша, бұл тасжол күніне 35 мың көлікке дейін өткізе алады – бұл қазіргі өткізу мүмкіндігінен 10 есе көп.
Құрылыс 3 жылға созылады, ал одан кейін 7 жыл бойы жолды салған мердігерлер техникалық қызмет көрсетіп отырады.
Жобаны «ҚазАвтоЖол» іске асырады. Жол Астанадағыдай заманауи стандартпен салынады: полимер қосылған және қиыршық тасты-мастикалық асфальт төселеді.