«Бағанға байлаңдар!» — Ташиев жол жөндеуді созған мердігерге ашуланды
Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Қамчыбек Ташиев Нарын қаласындағы жол құрылысын бітірмеген мердігерді табуды және бағанға байлауды талап етті.
Ленин көшесінде 9,5 шақырым жол жөнделуі тиіс болған. Алайда мердігер – «Бета групп» компаниясы жұмысын аяқтамаған. Бұл туралы Ташиевке көлік және коммуникация министрі Абсаттар Сыргабаев баяндады.
– Бұл компанияның жұмысын түгел тексеріңдер. Қанша қаржы бөлінді, қайда жұмсалды – бәрін анықтаңдар. Жұмыс істемей жатқан техниканы да бақылауға алыңыздар. Иесін табыңдар – Бішкектен болсын, Нарыннан болсын, көлікке салып әкеліңдер де, бағанға байлап қойыңдар. Күндіз-түні сонда тұрсын. Тамақ та бермеңдер! – деді ашулы Ташиев.
ҰҚМК төрағасы басқа да мердігерлер мен тендер ұйымдастырған лауазым иелеріне қатысты шара қабылдауды тапсырды.
Кейін ол тағы бір мәлімдеме жасап:
– Қамқоршы іздеудің қажеті жоқ. Жаза заңға сай болуы керек. Егер біреудің «төбесі» болса, маған айтыңдар — соны өзім жоямын, – деді.
Бұл Қамчыбек Ташиевтің атқарушы органдарға қатаң талап қойып, жемқорлық пен жауапсыздыққа қарсы ашық түрде үн қатуы ретінде қабылданып отыр.