Трамп Илон Маскқа: «Зауыттарыңды жап та, Оңтүстік Африкаға қайт»
АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде Илон Масктың пікіріне шүйлігіп, оны мемлекеттен алған көмек арқылы күн көріп отыр деп айыптады.
«Электромобиль деген жақсы, бірақ оны бәріне күштеп мінгізудің қажеті жоқ. Илон тарихтағы ең көп субсидия алған адам шығар. Сол қолдаулар болмаса, баяғыда-ақ зауыттарын жауып, Оңтүстік Африкаға қайтар еді», – деп жазды Трамп.
Сондай-ақ ол мемлекеттік тиімділік департаментін (DOGE) Масктың жұмысын тексеруге шақырды. Оның айтуынша, үкімет зымыран, спутник ұшыру мен электрокар өндірісінен бас тартса, қазына миллиардтаған доллар үнемдер еді.
Бұл пікірталас Трамп ұсынған жаңа заң жобасынан кейін туындады. «Әдемі де ауқымды заң» (One Big Beautiful Bill) деп аталған құжатта 4 трлн доллар көлемінде салықтық жеңілдік пен заңсыз мигранттарды депортациялауға арналған қаржы қарастырылған. Бұл – Трамптың сайлауалды платформасының басты бөлігі. Бірақ Маск бұл бастаманы ашық сынаған еді.