Енді камералар мінез-құлқыңызды да сараптайды: Алматыда "ақылды" камералар іске қосылды
Алматы жолдарында тәртіпті енді жасанды интеллект бақылайды. 1 шілдеден бастап қалада жүргізушілердің әрекетін бақылауға бағытталған жаңа "ақылды камералар" жүйесі іске қосылады. Бұрынғыдай тек жылдамдық пен бағдаршамға қатысты бұзушылықты емес, енді жүргізушінің мінез-құлқын да тіркейтін болады.
Жаңа жүйе неге қабілетті?
Енді камералар автоматты түрде:
- қауіпті немесе агрессивті жүргізуді,
- бұрылыс көрсеткішін қоспай жолақ ауыстыруды,
- қарама-қарсы жолға шығуды,
- күрт үдеу немесе тежелуді,
- сақтандыруы жоқ көліктерді,
- жалған немесе жасырылған нөмірлерді,
- айыппұлын төлемеген жүргізушілерді анықтайды.
Барлық мәлімет Ішкі істер министрлігінің бірыңғай базасына түседі. Егер жүргізуші бұрын тәртіп бұзған болса, жүйе оны реалтаймда бақылауға алады, ал полицияға автоматты түрде сигнал жолданады. Құқық бұзушының көлігі камералар арқылы бүкіл қала бойынша қадағаланып отырады.
Жол ережесін елемегендерді қатаң бақылайды
Көптеген айыппұлын өтемеген жүргізушілерді жолда тоқтатуы мүмкін. Бұдан былай «көз жазып қалу» деген болмайды. Жүйе тек көрмейді , сараптайды да.
Ал жол ережесін бұзбайтын жүргізушілерге алаңдауға еш негіз жоқ — бәрі таза болса, жүйе сізге назар да аудармайды.