Доха әуежайында тұрып қалған 150 қазақстандық шу шығарды
Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына және әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Катар астанасы Дохада 150-ге жуық қазақстандық азамат бірнеше күн бойы ұшақ күтіп, әуежайда қалып қойған. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, олар елшілікке шағым жаудырып, әуежайда дау шығарған.
– Алғашқы екі-үш күнде әскери қақтығыс басталып, әуе кеңістігі жабылды. Эмираттар мен Катар да рейстерді тоқтатты. Бұл жағдайда ешқандай ұшақ жіберу мүмкін болмады. Бірақ тіркеу аймағында тұрған 150 азаматымыз айқай-шу шығарып, «Үкімет қайда? Бізге неге жағдай жасалмайды? Қайда біздің бес жұлдызды қонақүйіміз?» деп наразылық танытты, – деді министрлік өкілі.
Айтуынша, сол кезде өзге елдің азаматтары сабыр сақтап, ресми органдардың әрекетін күткен, ал Қазақстан азаматтары елшілікті шағыммен толтырып, шу көтерген.
– Аэропортта айқайлап, аяқпен жер тепкілеп, елшілікке жауабын күтпестен хаттар жолдап жатты. Мұндай төтенше жағдайда бастысы – жайлылық емес, қауіпсіздік, – деп атап өтті Смадияров.