Көкшетау тауында жеті адам адасып кетті
Ақмола облысында бір отбасы Көкшетау тауынан түсу кезінде жолынан жаңылып, құтқарушылардан көмек сұрауға мәжбүр болды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.
Ведомство таратқан ақпаратқа қарағанда, таудан түсу сәтінде қиындық туған: жер бедерінің тік болуы мен шаршау салдарынан өз бетімен қайту мүмкін болмаған.
«Бүгін күндіз Ақмола облысы Бурабай ауданында бір отбасы – 7 адам, оның алтауы – балалар, теңіз деңгейінен 920 метр биіктікте орналасқан Көкшетау тауының шыңына көтерілген. Алайда түсу барысында жолдан адасып кеткен», – делінген хабарламада.
Құтқарушылар отбасын аман-есен тауып, төменге түсіріп алды. Ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж болмаған.