Құрылысы бітпеген үйден пәтер алғандар енді заңмен қорғалады: Президент заңға қол қойды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автожолдар және мүгедектігі бар азаматтарға көлік қызметін көрсету мәселелері жөніндегі бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.
Заң аясында Азаматтық, Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық, Азаматтық процессуалдық және Әлеуметтік кодекстерге, сондай-ақ тағы 14 заңға өзгеріс енгізілді.
Бірінші топтамадағы өзгерістер – үлестік құрылыс саласындағы заңдылықты, ашықтықты қамтамасыз етуге және үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
Екінші топтама – инватакси қызметін кеңейту мақсатындағы пилоттық жобаны республика көлемінде жүзеге асыруды көздейді. Енді мүгедектігі бар жандар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өздерінің ерекше қажеттіліктеріне сай инватакси көлігін шақыра алады. Бұл олардың еркін қозғалуына жағдай жасайды.
Үшінші топтама – жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, заңда жол саласында жаңа материалдар мен технологияларды қолдануды және оларды бірыңғай дерекқорға тіркеуді көздейтін нормалар енгізілді. Бұл жол инфрақұрылымын цифрландыруға жол ашады.