Жаңалықтар

«Қаржы министрлігі экономиканы қаржыландырып жатыр, ал Ұлттық банк оны тежеп отыр» – депутат Сүлейменовке сұрақ қойды

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке базалық мөлшерлеме мен инфляция арасындағы байланысқа қатысты бірнеше сындарлы сұрақ қойды.

Депутаттың айтуынша, биыл базалық мөлшерлеме көтерілгенімен, инфляцияны тежеу мүмкін болмай отыр. 2024 жылдың соңында мөлшерлеме 15,25 пайызға, ал 2025 жылдың наурызында 16,5 пайызға жеткен. Соған қарамастан, инфляция жыл басындағы 8,6 пайыздан наурызда 10 пайызға өскен.

«Бұл базалық мөлшерлеменің экономикаға әсері әлсіз екенін көрсетеді. Мұның себебі – халықтың инфляцияға қатысты күтулерінің жоғары болуы немесе реттеушіге деген сенімнің азаюы, сондай-ақ басқа құралдардың тиімділігінің төмендігі», – деді депутат.

Базарбек базалық мөлшерлеме саясаты мен мемлекеттік бюджеттің үйлеспеуіне де назар аударды.

«Былтыр Ұлттық банк артық өтімділікті азайтуға тырысты. Бірақ бұл артық қаржының өзі мемлекет тарапынан енгізілген – даму банкі, “Самұрық-Қазына” мен трансферттер арқылы келген ақша болатын. Қарап отырсақ, Қаржы министрлігі экономиканы қаржыландырып жатса, Ұлттық банк оны тежеп отырғандай. Осы себепті инфляция қабылданып жатқан шараларға мән бермей отыр ма? Базалық мөлшерлеме қазіргі күйінде қаншалықты тиімді? Үкімет пен Ұлттық банктің іс-әрекеті бір-бірімен үйлесе ме?» – деп сауал тастады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов депутат көтерген мәселелердің маңыздылығын мойындап, бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

«Инфляция – тек экономикалық емес, әлеуметтік фактор да. Бағаның тұрақсыздығы бизнеске де кері әсер етеді: кәсіпкерлер инвестиция салудан тартынып, жоғары кіріс талап ете бастайды. Сондықтан инфляцияны бақылау – біз үшін басты міндет», – деді ол.

Сүлейменов базалық мөлшерлеменің кредит пен депозит нарығына әсері бар екенін айтты. Оның сөзінше, мөлшерлеме өзгерісі шағын кешігумен болса да, банктердің корпоративтік несиелеу мен депозит мөлшерлемелеріне ықпал етеді.

Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы ақша массасының артуы да инфляцияны күшейтіп отырғанын атап өтті.

«Өткен және биылғы жылы бюджет тапшылығына байланысты Ұлттық қордан қаржы алуға тура келді. Былтыр 6 трлн теңге, биыл 5,3 трлн теңге алынып, кейін қайтарылды. Бұл – ақша массасының көбеюіне әкелді. Биыл бірінші тоқсанда ақша массасы 18%-ға, ал ЖІӨ 13%-ға өсті. Осындай айырмашылық инфляцияға қысым жасайды», – деді Сүлейменов.

Ол сондай-ақ Ресейдегі инфляцияның да әсерін атады.

«Біздің азық-түлік импортымыздың 45%-ы Ресейден келеді. Ол жақта инфляция 10%-дан асып кеткен, рубль күшейді – бұл біз үшін импорттың қымбаттауы деген сөз», – деді Ұлттық банк басшысы.

Сөз соңында Сүлейменов отандық өндірісті күшейту үшін бюрократиялық кедергілерді азайту қажет екенін атап өтті. Президент тапсырмасымен инфляцияны ауыздықтауға арналған кешенді шаралар жоспарыдайындалып жатқанын, құжат жуық арада үкіметте талқыланатынын да жеткізді.