Келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері өседі
Қазақстанда ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері қайта қаралады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 2024 жылы елімізде ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесі алғаш рет бекітілген. Онда еңбек өнімділігі, жалақының медианалық деңгейі және инфляция көрсеткіштері ескерілетін болады.
«Қазір бірнеше ғылыми институт еңбек өнімділігі мен медианалық жалақыны өңірлік және салалық бөліністе зерттеп жатыр. Бұл деректердің барлығы ЕТЖ мөлшерін нақты есептеуге негіз болады», — деді Светлана Жақыпова.
Министр нақты сандар зерттеу толық аяқталғаннан кейін белгілі болатынын атап өтті.
«Жыл соңына дейін жұмысты аяқтап, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны өсіруді жоспарлап отырмыз», — деді ведомство басшысы.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі, вице-премьер Серік Жұманғарин де Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысты пікір білдірген болатын.
Маусым айының басында оған: «Қымбатшылықты ескерсек, ең төменгі жалақы мен күнкөріс шегін қайта қарау қажет емес пе?» – деген сұрақ қойылған еді. Сол кезде Жұманғарин елдегі баға айтарлықтай өскенін мойындап, өзі 85 мың теңгеге күн көру қиын екенін ашық айтқан.