Әлем

Оңтүстіккореялық сарбаз турникке тартылудан Гиннес рекордын жаңартты

Оңтүстік Кореялық әскери қызметкер О Йохан 22 жыл бойғы арманына қол жеткізіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. 
Инчхон қаласының тұрғыны О Йохан 24 сағат ішінде ерлер арасында ең көп тартылу бойынша әлемдік рекорд орнатып, 11 707 рет турникке тартылған. Бұл көрсеткіш бұрын-соңды болмаған жетістік ретінде Гиннес өкілдері тарапынан ресми тіркеліп, оған арнайы сертификат табысталды.

Жаңа рекорд иесі бұл белеске оңай жетпегенін, жолда кездескен қиындықтар мен сәтсіздіктер туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

«Мен алғашында 8707 рет тартылып, өзімше рекорд орнаттым деп қуандым. Бірақ қуанышым ұзаққа бармады. Араға бір апта да салмай, Гиннестің жаңа рекорды – 8940 тартылу ретінде тіркелді.

Бұл жағдай мені қатты қынжылтты. Бірақ бәрін тастап кетсем, өмір бойы өкініп өтетінімді түсіндім. Сондықтан өзімді қайта сынап көруге бел будым. Ақыры мақсатыма жеттім!», – дейді О Йохан.

Ол бұл әрекетімен тек жеке амбициясын емес, Оңтүстік Корея армиясының күш-қуатын көрсеткісі келгенін атап өтті:

«Гиннестің бұрынғы рекорд иелері қатарында арнайы жасақ сарбаздары мен әскери қызметшілер көп болды. Мен де өз елімнің сарбаздары осал емес екенін дәлелдегім келді. Осы арманыма мен 22 жыл бұрын шетелге әскери борышымды өтеуге кеткен кезімнен бері дайындалып келемін», – дейді рекорд иесі.