Жаңалықтар

«Саясаткерлер баяндамаларын жазу үшін ChatGPT көмегіне жүгінетін көрінеді». Президент жасанды интеллектінің теріс әсері туралы айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумға қатысты.

Президент сөйлеген сөзінде цифрландыру саласына басты акцент жасады:

– Ұйымға мүше елдердің жалпы экономикалық әлеуеті – 2,6 триллион доллар. Өткен жылы өзара сауда айналымы 98 миллиард долларға жетті

– Біздің ойымызша, ЕАЭО-ның одан әрі дамуы тең құқылық, ортақ игілік және прагматизм қағидаттарына арқа сүйеп, елдеріміздің экономикалық мүддесін нығайтуға қызмет етуі керек

– Цифрландыру мен жасанды интеллект біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағытының бірі

– Электронды коммерция, цифрлық құжат айналымы, автоматтандырылған басқару жүйесі және логистика ЕАЭО елдері экономикасының ажырамас бөлігіне айналды

– Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай цифрландыру мен жасанды интеллект әлемдік ішкі жалпы өнімге 15 триллионнан астам табыс әкеледі, 300 миллионға тарта жұмыс орнын алмастырып, мүлдем жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді

– Әрине, жасанды интеллектіні енгізудің теріс әсері де бар. Мысалы, студенттер ChatGPT пайдаланады. Тіпті, кейбір саясаткерлер баяндамаларын жазу үшін ChatGPT көмегіне жүгінетін көрінеді

– Енді ғана қалыптасып келе жатқан цифрлық әлем тәртібіндегі рөлімізді күшейтуге орайлы сәт туды. Мұны дер кезінде пайдалану маңызды

– Әрине, кез келген технологиялық революция сияқты жасанды интеллектінің де қатері жоқ емес. Технологияға қолжетімділік теңсіздігі, дәстүрлі жұмыс орындарының қысқаруы, цифрлық дербестіктің шектелуі, жаһандық цифрлық монополияға тәуелділік секілді қауіптер бар

– Яғни дамуы жоғары деңгейдегі елдердің үркердей тобы осы үдерісте көш бастап, әлемнің басқа бөлігі соңында қалуы мүмкін. Менің ойымша, ЕАЭО бұл процестің алдыңғы шебінде болуға тиіс, тым болмаса артта қалып қоймауымыз керек

– Біз ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамытып келеміз. Таяуда есептеу қуаты жоғары суперкомпьютерді іске қосады

– Қазақстанда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Салалық заң қабылдау жоспарланып отыр

– Биыл Астанада AlemAI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Бұдан бөлек, біз жаңа тұрпатты CryptoCity эксперименталдық аймағын құруға кірістік.