Жаңалықтар

Қазақстанда қанша адам кедей өмір сүруде?

Қазақстанда әр жиырмасыншы тұрғын – кедей. Кедейлер саны жыл өткен сайын артып келеді. Бүгінде елде жоқшылықтың тауқыметін тартып отырғандар саны бір миллионға жуықтайды.

Экономист Руслан Сұлтанов кедейлік деңгейі жайлы өз пікірін Tengenomika телеграм арнасында жариялады. Оның жазуынша, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында ел тұрғындарының 4,5%-ының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз болған. Бұл көрсеткіш бірнеше жылдан бері өзгеріссіз қалып отыр.

«Былтыр кедейлік шегінде 928 мың адам болса, биыл 924 мыңға азайды. Яғни 4 мың азамат ең төменгі күнкөріс деңгейінен сәл болса да жоғары табысқа жеткен. Кедейлердің ең көп үлесі Түркістан (8,1%), Абай (7,3%) және Жетісу (6,9%) облыстарына тиесілі. Ал ең аз көрсеткіш Қарағанды (2,6%) және Астана қаласында (2,1%) тіркелген. Ел бойынша 16,5 мың адам (0,1%) тұтыну себетінің құнынан төмен табысқа күнелтіп отыр. Бұл — кедейліктің ең шеткі түрі. Яғни ең қарапайым тауарлар мен қызметтерге де ақшасы жетпейтіндер. Мұндай азаматтар саны былтырмен салыстырғанда 1 182 адамға артқан», — деп жазады экономист.

Сұлтановтың айтуынша, кедейліктің негізгі салмағы ауылдық өңірлерге түсіп отыр. Ал қалалық және өндірісі дамыған аймақтарда мұндай проблема аса күрделі емес.

Мәселен, Павлодар мен Қарағанды облыстарында халықтың тұтыну шығыны күнкөріс минимумынан 2,6 есе жоғары. Бұл көрсеткіш Астана мен Алматыда – 2,4 есе. Себебі бұл өңірлерде зауыт-фабрика көп, ауыл аз.

Ал ауыл шаруашылығы басым Түркістанда немесе табысы мұнай-газ саласына ғана тәуелді Маңғыстауда ауыл тұрғындары мен мұнайшылар арасындағы айырмашылық тым үлкен. Ондай өңірлерде орташа тұтыну шығыны күнкөріс деңгейінен небәрі 1,5 есе ғана жоғары.

Экономист ел мақтан тұтатын жоғары туу көрсеткішінің де бұл мәселеге әсері барын айтады. Себебі отбасы мүшесі көбейген сайын, кедейлікке ұрыну қаупі де артады.

«Кедейлікті азайту үшін жалпы ішкі өнімнің өсуі немесе әлеуметтік төлемдерді арттыру жеткіліксіз. Нақты шаралар қажет: ауылдық жерлерде шикізатқа тәуелсіз жұмыс орындарын ашу, өңірлік инфрақұрылымды жаңарту және білім беру қызметтерін кеңейту қажет», — дейді Руслан Сұлтанов.