Атырауда жаппай жылыжай өсіруде
«Өрле» түлектері Махамбетте жылыжай өсіруде, - деп хабарлайды newsroom.kz AtyrauPress-ке сілтеме жасап.
«Шелл Қазақстан» компаниясының көмегімен «Өрле» жобасына қатысып, грант ұтып алған атыраулықтар бүгінде бизнес бастап, кәсіптерін кеңейтуде. Солардың қатарында Махамбет ауданының тұрғындары, ерлі-зайыпты Артур Тілегенов пен Диана Лұқпанова да бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Олар бұл жоба туралы біле салысымен бірден қатысуға бел буып, көп ұзамай тегін қаражатқа да қол жеткізіпті.
«Біз жолдасым екеуміз егін шаруашылығымен айналысуды көп уақыттан бері армандап келдік. Содан алдыңғы 2023 жылы «Өрле» жобасы жөнінде естіп-біліп, бағымызды сынап көрдік. Ақыры, ойламаған жерден грантқа ие болдық! Мұндай мүмкіндік кез келген жанның бағына бұйыра бермейді ғой. Сондықтан көзді жұмып жіберіп бизнесті бастап кеттік. Біз он жыл қалада тұрып келдік. Ал, ауылдық жерге ауыл шаруашылығымен айналысу үшін көшіп келген едік. Осы арманымызды іске асырған «Шелл Қазақстан» компаниясына алғысымыз шексіз» дейді Диана.
Иә, жасыратыны жоқ, соңғы уақытта халық ауылдан қалаға көшіп жатса, ал, Артур мен Диананың ауылдан кәсіп ашқаны – батыл бастама болып отыр.
– Мен 2017 жылдан бері жылыжай өсірудің қыр-сырын «ютуб» арнасынан іздеп, қарап жүрдім. Қалай болғанда да, жасымыз жетіп, балаларымыз өсіп жатыр, бір жұмыспен шектеліп қалуға болмайды, сондықтан кәсіп ашу керек деп шештім. Сөйтіп жүргенде жұбайым екеуміз «Өрле» бағдарламасы жайлы естіп, қатысуға тырысып-бақтық. Ақыры, қажетті қаражатқа қол жеткізіп, жылыжай салып алдық. Осылайша, қияр өсіріп жатқан жайымыз бар. Мен 2018 жылы ауылға көшкенде бір емес, екі жер учаскесін алған едім. Енді алдағы уақытта сол жердің бәріне жылыжай салғым келеді, - дейді отағасы.
Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер мұнымен тоқтап қалғысы келмейді. Көп күттірмей тағы да үш-төрт жылыжай салып, табиғи таза әрі сапалы өнім өсіріп-өндіруді жоспарлап отыр.
«Қияр 45 күнде, ал қызанақ тоқсан күнде өсіп, піседі. Міне, қияр өсіруді қолға алып отырғанымыз сондықтан. Қалай десек те, қазір еккен дақылдан бір айдың ішінде өнім алған керемет қой. Мойындаймыз, даладағы егінге қарағанда, жылыжай өсіру көбірек күтімді қажет етеді. Есесіне, оны күзде де, қыста да өсіре аласыз. Әрі, оған сұраныс көп» дейді олар.
Ал, «Шелл Қазақстан» компаниясының корпоративтік байланыстар бөлімінің басшысы Айгүл Барменкулованың сөзінше, ерікті әлеуметтік инвестициялардың арқасында қоғамда тұрақты еңбек қатынасы қалыптасуда.
– «Шелл Қазақстан» компаниясы өзінің ерікті әлеуметтік инвестициялар стратегиясы арқылы біз жұмыс жасап жатқан қауымдастықтар үшін тұрақты құндылық қалыптастыруға күш салды. Соның ішінде, «Өрле» жобасы білім алуға, кәсіп үйренуге және бастапқы капиталға қол жеткізуге жағдай жасады. Өз кезегінде мұның бәрі де ауыл тұрғындарының өмірін жарқын жаққа қарай өзгертуге зор қадам болды. Сондай-ақ, жергілікті жерде инклюзивті және орнықты бизнесті дамытуға жол ашты. Біз азаматтарымыздың өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін ашатын әріптестікпен мақтанамыз, - дейді ол.
Айта кетейік, «Шелл-Қазақстан» компаниясы Батыс Қазақстан және Атырау облыстары жергілікті қауымдастықтарының дамуына төрт жылдың ішінде 81 млн теңгеден астам инвеситиция бөлді. Қолдауды Орталық Азияның Еуразия Қоры 2021 жылдан бері іске қосқан «Өрле» жобасы арқылы көрсетті. 2021-2025 жж. жобаны жүзеге асыру арқылы 253 жергілікті тұрғын қолөнер мен жылыжайда көкөніс егу бойынша тәжірибелік дағдыларды қалыптастыратын тренингтерден өтті.
Ал, Орталық Азияның Еуразия қоры – 2005 жылы аймақта құрылған үкіметтік емес ұйым. ОАЕҚ жергілікті қауымдастықтарды нығайту мен азаматтық және экономикалық әл-ауқатты жақсарту арқылы азаматттардың өз болашағын құруда белсенді қатысуға көмектесу үшін қоғамдық және жеке ресурстарды жұмылдырады. Ал, «Шелл» – энергетика және мұнай-химия саласындағы компаниялардан құралған, 70-тен астам елде 80 000-нан астам қызметкері бар жаһандық концерн. Озық технологияларды және жаңашыл әдістерді пайдаланып, тұрақты энергия болашағын құруға үлесін қосады. 2023 жылы «Шелл» концернінің Қазақстан Республикасындағы табысты қызметіне 30 жыл толды. «Шелл-Қазақстан» туралы қосымша ақпаратты www.shell.com.kz сайтынан табуға болады.