Сақ дәуірінің алтын жүзігі табылды – ҚазҰУ археологтары Уйғыр ауданынан құнды жәдігерлер тапты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы Алматы облысы, Уйғыр ауданына қарасты Тоғызбұлақ ауылы маңынан сақ кезеңіне тиесілі алтын әшекейлерді тапты. Қазба жұмыстарын тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байғұнақов басшылық етті.
Қазбаға 50-ден астам қорған қамтылды
Зерттеу жұмыстары Тоғызбұлақ-1 және Тоғызбұлақ-2 атты екі қорымда жүргізілді. Тоғызбұлақ-1 – ауылдың оңтүстігіндегі 20-дан астам элиталық қорғаннан, ал Тоғызбұлақ-2 – солтүстік бағытта орналасқан 30-ға жуық қорғаннан тұрады. Бұл оба кешендерінің басым бөлігі солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеле орналасқан.
Археологтардың айтуынша, Тоғызбұлақ-1 қорымында төрт қорған, ал Тоғызбұлақ-2-де екі археологиялық нысан аршылған.
Ең құнды жәдігер – арыстан бейнеленген алтын жүзік
Ең елеулі олжа – Тоғызбұлақ-1 қорымындағы №3 және №4 қорғандардан табылған алтын әшекейлер. Атап айтқанда, №4 қорғаннан ер мен әйел адамның сүйектерімен қатар, керамикалық ыдыстар, темір құралдар, тастан жасалған уатқыш, жануар сүйектері, алтын тізбектің бөлігі және әртүрлі алтын пластиналар табылған.
№3 қорғаннан адамның сүйегімен қатар алтын жүзік пен бірнеше алтын пластина шыққан. Жүзіктегі арыстан бейнесі – ерекше артефакт. Шамамен 8 грамм тартатын бұл алтын жүзік таза құйма алтыннан жасалған. Жүзік бетіндегі бейнеде бір қарағанда әйел бейнесі, арыстанның жүні мен тұмсығы, кейде бұқа не қошқар пішінін де көруге болады. Бұл – сол дәуірдегі мифологиялық-синкреттік танымның айғағы.
Мамандар бұл жәдігерлер б.з.д. IV–III ғасырларға тән деп болжайды.
Сақ мәдениетінің тағы бір ізі
Зерттеу тобының жетекшісі, профессор Досбол Байғұнақов бұл табылған артефакттар сақ дәуіріндегі жоғары әлеуметтік мәртебелі адамдар жерленгенін дәлелдейді дейді.
— Бұл өңір ерте темір дәуірінде, нақты айтқанда сақ кезеңінде, іргелі мәдениет пен өркениеттің орталығы болған. Қазба барысында табылған бұйымдар мен көне жерлеу тәсілдері соны айғақтайды, – дейді ғалым.
Айта кетейік, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археологтары бірнеше жылдан бері еліміздің әр түкпірінде тарихи мұраларды зерттеп, сақ дәуіріне қатысты тың деректер ұсынып келеді. Уйғыр ауданындағы соңғы экспедиция – сол жұмыстардың жалғасы.