Сұмдық! Елімізде 800 мың киік атылмақ
Экология министрі Ерлан Нысанбаев алдағы күндері киік атуға қатысты соңғы шешім қабылданатынын айтты. Министрдің сөзінше, ғалымдар жалпы популяцияның 20 пайызын реттеуді ұсынып отыр.
– Ғылыми негіздемені ресми түрде алдық. Қазір ұйымдастыру жұмыстары талқыланып жатыр. Бір-екі күнде нақты шешім қабылданады деп ойлаймын. Ғылым өкілдері киік санының 20 пайызын азайтуды ұсынды, – деді министр.
Министрліктің дерегінше, бүгінде Қазақстанда шамамен 3,9 миллион киік бар. Егер ұсыныс мақұлданса, 800 мыңға жуық бас атуға рұқсат етілуі мүмкін.
Сондай-ақ министр мұндай көлемдегі реттеуді іске асыру үшін ет комбинаттарының жұмысын жолға қою қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта жергілікті әкімдіктер мен жеке компаниялармен бірлескен жобалар қолға алынбақ.