LRT жаңа вагондарын вандалдар бояп кеткен
Бұзақылар Астанадағы жаңа LRT вагондарын бояп кетті: қылмыстық іс қозғалды
Елорда әуежайы жанындағы болашақ LRT станциясында жеңіл рельсті көлік (Light Rail Transport, LRT) құрамының жаңа вагондарын белгісіз біреулер граффитимен бүлдірген. Бұл дерек бойынша полиция Қылмыстық кодекстің «Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру» бабымен іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде аталмыш станцияда тұрған вагондардың түрлі түске боялған суреттері тараған болатын. «City Transportation Systems» ЖШС баспасөз қызметі оқиғаны растады.
Астана қалалық Полиция департаментінің ақпаратынша, материалдық шығын мөлшері анықталуда. «Кінәлі тұлғаларды анықтап, ұстау үшін жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, ықтимал куәгерлер сұралуда», – делінген ведомствоның түсініктемесінде.
Полиция бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын және бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылатынын еске салады.