Жаңалықтар

Тоқаев пен Катар Әмірі телефон арқылы сөйлесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Катар мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани мырзамен телефон арқылы сөйлесті.

Президент қазіргі геосаяси ахуалдың ушығуы жағдайында Катар халқына толық қолдау мен ынтымақтастығын білдіріп, өңірлік тұрақтылықты сақтауда Әмірдің саяси көрегендігі мен жауапты ұстанымын жоғары бағалады.

– Катар Әмірінің дана әрі парасатты басшылығының арқасында өңірдегі шиеленіс деңгейін төмендетуге қол жеткізілді. Оның басшылығымен Катар Таяу Шығыстағы ең күрделі түйткілдерді шешуде маңызды рөл атқарып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әңгіме барысында екі ел басшылары алдағы кезеңде жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстарды жалғастырып, Әмірдің Қазақстанға жоспарланған ресми сапарына дайындықты пысықтауға уағдаласты.