Ерлер арасындағы супертурнирге қатысатын тарихтағы үшінші әйел: қазақ қызы Бибісара Асаубаеваға ерекше құрмет
Қазақ шахматшысы Бибісара Асаубаева ерлер арасындағы жабық супертурнирге – Freestyle Chess Grand Slam Tour додасына шақырту алды. Турнир 16–20 шілде аралығында Лас-Вегаста өтеді.
Ұйымдастырушылар жариялаған афишада Бибісараның портреті жарқырап тұр. Бұл – әлемдегі санаулы әйелдер ғана шақырылатын, аса мәртебелі шахмат жарысы. Турнирде аты аңызға айналған гроссмейстерлер бақ сынамақ: Магнус Карлсен, Фабиано Каруана, Хикару Накамура сынды үздіктер қатысады.
“21 жастағы бойжеткенге Карлсен, Каруана, Накамура қатысатын ерлер арасындағы жабық супертурнирге шақырту келді дейсіз бе? Бұл – ертегі сияқты. Бірақ бұл – менің шындығым. Әлі де сенер-сенбесімді білмей отырмын. Бұған дейін мұндай турнирде ойнаған әйелдер – Юдит Полгар мен Хоу Ифань ғана болатын. Енді сол тізімде мен де бармын!.. Алда оңай сынақ күтіп тұрмағаны анық, бірақ бұл – үлкен мүмкіндік,” — деді Бибісара ағынан жарылып.
Осылайша, Бибісара Асаубаева осындай деңгейдегі ерлер турнирінде бақ сынайтын тарихтағы үшінші әйелшахматшы атанып отыр. Ол Юдит Полгар мен Хоу Ифань сияқты аңыз тұлғалардың жолын жалғастырмақ.