Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Парсы шығанағындағы елдер әуе кеңістігін жапты: жүздеген қазақстандық шетелде қалып қоюы мүмкін

Иран билігі Эль-Удейдтегі АҚШ әскери базасына шабуыл жасағанын ресми хабарлады. Осы жағдайға байланысты Катар өз әуе кеңістігін уақытша жапты. Артынша Парсы шығанағындағы өзге елдер де қауіпсіздік мақсатында осындай шешім қабылдады.

Парсы шығанағындағы елдер әуе кеңістігін жапты: жүздеген қазақстандық шетелде қалып қоюы мүмкін
Фото: aviascan

23 маусым, Астана уақытымен сағат 23:00-дегі жағдай бойынша ұшуларға тыйым салған елдер қатарында:

▪️ Ирак
▪️ Кувейт
▪️ Біріккен Араб Әмірліктері
▪️ Бахрейн

Айта кетейік, Ирак билігі өз аумағына зымыранмен шабуыл жасалды деген ақпаратты жоққа шығарды.

Иранның Катардағы базаға соққы беруінен бұрын-ақ қазақстандық әуе компаниялар Таяу Шығысқа қатынайтын кей рейстердің тоқтатылатынын мәлімдеген болатын. Мәселен, 23 маусымға қараған түні SCAT авиакомпаниясы Астанадан Дохаға бағытталған рейстің болмайтынын хабарлады.

Кешке қарай Air Astana компаниясы 24 маусымға жоспарланған үш рейстің тоқтайтынын мәлімдеді:

▪️ Астана – Дубай – Астана
▪️ Алматы – Дубай – Алматы
▪️ Шымкент – Доха – Шымкент (чартерлік рейс)

«Аталған рейстердің жолаушыларына билеттерді тегін қайта брондау немесе толық ақысын қайтару ұсынылады», – делінген ресми хабарламада.

Air Astana сонымен қатар тәулік бойы жұмыс істейтін жолаушыларға арналған байланыс нөмірлерін жариялады:
📞 +7 7272 44 44 78
📱 WhatsApp: +7 702 702 00 74

Бұған дейін Қазақстан Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан аумағы мен шекаралас әуе кеңістігіне ұшуға уақытша тыйым салған болатын.

Таяу Шығысқа қатынайтын кейбір шетелдік әуе компаниялары да рейстерін тоқтатып жатыр.

Қазірге дейін қанша қазақстандықтың елге қайта алмай қалғаны нақтыланбады. Алайда, кем дегенде төрт рейстің тоқтағанын ескерсек, бұл жүздеген адам болуы мүмкін.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату