«Не істерімізді білмедік»: Катардағы АҚШ базасына шабуылға қазақ азаматы куәгер болды
Атыраулық Аслан Ашимов – Катардағы мұнай-газ компаниясында екінші жыл еңбек етіп жүрген қазақстандық. Ол АҚШ-тың Эль-Удейд әскери базасына жасалған шабуылдың тікелей куәсі болған, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Айтуынша, Доха тұрғындары бұл жағдайға бейқам қарағанымен, оқиға тіпті сабырлы жұрттың өзін елең еткізген.
«Мен сол кезде ескі базар маңында жүрген едім. Бұл – қашан да адам көп жүретін аудан. Алдымен біртүрлі гуіл естідік. Аспанда әлдене жарқ-жұрқ етіп, отшашуға ұқсайтын жарқылдар байқалды. Бірден түсіне алмай қалдық — бұл Starlink спутниктері ме, әлде зымырандар ма екен деп ойладық. Шабуыл деп ойламадым да. Кейін Telegram-нан АҚШ базасына соққы жасалғанын оқыдым. Сол сәтте үйге қайтуға асықтым», — дейді Аслан.
Оның сөзінше, ескі базардан үйіне жету шамамен 30 минутты алады. Жолай полицейлердің қарасы көбейгенін байқапты. Бұл — Катарда сирек болатын жағдай. Жұрт сергек күйде болғанымен, үрейге бой алдырмаған.
«Біз "Перл" аралында тұрамыз. Бұл – тыныш аудан. Бірақ іштей бірдеңе болып жатқаны сезіліп тұрды. Жаңалықтарда алты зымыран атылғаны айтылды. Билік олардың бәрі әуеде атып түсірілгенін мәлімдеді. Чаттарда видео, дауыс жазбалары тарай бастады. Қазақстандағы туыстар хабарласып, жағдайымызды сұрап жатыр», — дейді ол.
Асланның айтуынша, Дохада жағдай әзірге тұрақты. Ешқандай ресми ескерту алмаған, егер ахуал ушығып кетпесе, Катарда қала бермек.
«Бұл жақта Қазақстаннан келген туристер де, жұмыс істеп жүрген азаматтар да көп. Ұшақ рейстері де баршылық. Егер жағдай ушыға түссе, бізді мұнда тастамайтынына сенемін. Бірақ бір күйзеліс бары рас», — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, шабуылдан кейін Бахрейн, Ирак және Кувейт өз әуе кеңістігін жапты. Парсы шығанағында әуе және теңіз күштері қайта шоғырландырылып жатыр. Ал Катар билігі әзірге байыппен қарап отыр: олар жағдайды ушықтыруды айыптап, бастапқы кезден-ақ мәселені дипломатиялық жолмен шешуді жақтағанын еске салды.