Иран әскери базаға шабуылдайтыны туралы АҚШ пен Катарға ескерткен: адамдарды эвакуациялап үлгерді ме?
Иран Катардағы нысандарға жасалар шабуыл алдында бірнеше сағат бұрын АҚШ-ты екі түрлі дипломатиялық арна арқылы ескерткен.
Тегеран Дохаға да алдағы шабуыл жайлы алдын ала мәлімет берген.
Бұған дейін Катар билігі америкалық басқарудағы шетелдік әскери базаны шабуылға дейін эвакуациялап үлгергенін мәлімдеген еді. Ал Пентагон Иран соққысы салдарынан америкалық әскери қызметкерлердің ешқайсысы зардап шекпегенін растады.
Иранның бұл әрекеті нақты әскери жауаптан гөрі «кек алудың символдық қадамы» ретінде сипатталып отыр.
Соған қарамастан, Иран АҚШ басқаруындағы Катардағы әскери базаны толығымен жойдық деп мәлімдеді. Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшылығы төмендегідей мәлімдеме таратты:
«Сендерге кім шабуыл жасаса, сендер де оған дәл солай жауап қайырыңдар. АҚШ тарапынан Иранның ядролық нысандары мен инфрақұрылымдарына қарсы жасалған өрескел әрі агрессивті соққыға жауап ретінде Ислам Республикасының қарулы күштері Катардағы Эль-Удейд америкалық әскери базасын талқандады. Бұл операцияда қолданылған зымыран саны — АҚШ Иранның ядролық нысандарына тастаған бомбалар санымен бірдей болды. Аталған база Катардың тұрғын аудандарынан қашық орналасқан. Сондықтан бұл әрекет Катар халқы мен оның қауіпсіздігіне ешқандай қатер төндірмейді. Ислам Республикасы Иран Катармен достық пен тарихи байланысты сақтауға және жалғастыруға мүдделі».