Жаңалықтар

Президент рақымшылық туралы заңға қол қойды: Қауіпсіздік кеңесінде қандай мәселелер көтерілді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында сөз сөйледі. Геосаяси ахуалдың ушығуына байланысты Президент ел ішіндегі қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың маңызын атап өтті.

Тоқаевтың айтуынша, 2019 жылдан бері елімізде қылмыстық құқықбұзушылықтар саны екі есе азайған. Қоғамдық орындардағы қауіпсіздік деңгейі 80 пайызға артқан.

Алайда бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуы тиіс. Президент үшін басты міндеттердің бірі — тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес.

«Бір жыл бұрын күшіне енген [“Салтанат заңы”] – отбасылық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтті. 2025 жылдың басынан бері қабылданған түзетулер мен шаралардың нәтижесінде тұрмыстық саладағы ауыр және аса ауыр қылмыстар 30 пайызға қысқарды», – деді Тоқаев.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес те күн тәртібінен түскен жоқ. Президенттің айтуынша, олигархтар мен жемқорлардан қайтарылған қаражат мектеп салуға бағытталып жатыр.

Мемлекет қарауына өткен активтер есебінен алғашқы әлеуметтік нысан салынғаны – осы жұмыстың нақты нәтижесі.

Тоқаев жасанды интеллект тақырыбын да айналып өтпеді. Ол бейнебақылау жүйесіне бет-әлпетті тану, көлік тіркеу нөмірлерін анықтау және азаматтардың жүріс-тұрысын талдайтын құралдар енгізуді тапсырды.

«Бізге қылмыстың алдын алу және оған қарсы әрекет ету жүйесін түбегейлі жаңарту қажет. Бұл үшін жасанды интеллект пен big data технологияларын пайдалану керек. Осы мақсатта іске қосылуға дайындалып жатқан жаңа суперкомпьютерді қолдануға болады», – деді Президент.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай "Рақымшылық туралы"заңға қол қойғанын жариялады.

«Рақымшылық – жүйелі емес, бір реттік шешім екенін түсінуіміз керек. Қазіргі уақытта қылмыстық-атқару жүйесін түбегейлі жаңғырту қажеттілігі туындап отыр. Бұл жүйе сотталғандарды қоғамнан оқшаулауға емес, қайта тәрбиелеуге бағытталуы тиіс», – деді Тоқаев.

Жалпы, Президенттің пайымынша, құқық қорғау жүйесі одан әрі терең реформалауды қажет етеді. Бұл міндетті Үкімет қолға алуы тиіс. Тоқаев құқық қорғау органдары жұмысының барлық кемшілігін зерделеуге бір аптауақыт берді.