Илон Маск: АҚШ-ты қаржылық күйреу қаупі күтіп тұр
Кәсіпкер әрі Tesla компаниясының негізін қалаушы Илон Маск Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік борышы шектен тыс өсіп, елді тығырыққа тірейтінін ескертті. Бұл туралы ол өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында жазды, деп хабарлайды newsroom.kz.
Масктың айтуынша, қазіргі таңда АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 37 триллион доллардан асып кеткен. Миллиардер бұл жағдайды «банкроттықпен пара-пар» деп атап, борышқа қызмет көрсету үшін төленетін пайыздардың ел бюджетіндегі барлық салық түсімінің төрттен бірін алып жатқанын атап өтті.
«Бұлай жалғаса берсе, болашақ туралы ойлаудың өзі үрейлі», – дейді Маск.
АҚШ үкіметінің жылдық кірісі шамамен 5 трлн доллар болса, оның ішінде 1,2 трлн доллары тек қарыздың пайызын өтеуге жұмсалады. Ал жыл сайынғы шығын 7 трлн доллар шамасында. Нәтижесінде, бюджет тапшылығы үнемі тереңдей түсуде.
Экономист Питер Шифф те бұл пікірге қосылып, Америка іс жүзінде әлдеқашан қаржылық күйреуге ұшырағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы уақытта пайыздық мөлшерлемелер бұдан да артып, қарызды өтеу шығындары мемлекеттің салықтан түсетін бүкіл табысын басып озуы мүмкін.