Иран мен Израиль арасында соғыс өршіді: ядролық нысандарға соққы жасалды
АҚШ Иранның негізгі ядролық инфрақұрылымына әуеден соққы бергеннен кейін, Иран Израиль аумағын атқылай бастады. BBC Russian дерегінше, шабуыл фактісін Израильдің Қорғаныс армиясы растаған. Жергілікті ақпарат құралдары Израильге қарай 25–35 баллистикалық зымыран ұшырылғанын хабарлады. Зымыран сынықтарының құлаған тұстарында өрт шыққан, жарақат алғандар бар.
Йемендегі хуситтер Иранға қолдау білдірді. Бұл елдің саяси бюросының өкілі Мохаммед әл-Бухейти «Аль-Джазираға» берген сұхбатында:
«АҚШ-қа жауап беру – уақыт мәселесі. Иран бізден көмек сұрамады, бірақ біз үнсіз отыра алмаймыз», – деді.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға жасаған соққысын «қауіпті қадам» деп атады.
«Қазір хаос тізбегін тоқтату аса маңызды. Бұл мәселенің әскери шешімі жоқ. Жалғыз жол – дипломатия. Жалғыз үміт – бейбітшілік», – деді ол.
Гутериштің пікірінше, Таяу Шығыстағы бұл қақтығыс бақылаудан шығып кетуі мүмкін, ал оның салдары – ауыр әрі ұзақмерзімді болмақ.
Иран билігі болса, уран байытуды тоқтатпайтынын мәлімдеді. Reuters таратқан ақпаратқа сай, Иранның Атом энергетикасы жөніндегі ұйымы ядролық бағдарламаны елдің «өндірістік даму бағыты» деп сипаттап, оны тоқтатуға жол бермейтінін айтқан.
Сондай-ақ, АҚШ-тың әрекеті халықаралық құқықты және Ядролық қаруды таратпау туралы шартты бұзудеп бағаланып отыр. Иран тарапы МАГАТЭ-ні (Халықаралық атом энергиясы агенттігі) осы жағдайға көз жұма қарады деп айыптады.
Еске салайық, 22 маусым күні АҚШ ӘӘК Иранның Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы үш ядролық нысанға әуеден соққы жасаған болатын. Дональд Трамп бұл операцияны сәтті деп бағалап, ұлтқа үндеу жасады.