Атыраудағы өрт: салдарын жою және алдын алу шаралары қолға алынды
20 маусым күні Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов мемлекеттік «Ақжайық» табиғи резерватындағы өрттен кейінгі жағдайға арналған жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды newsroom.kz Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қыщметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта ашық жалын жойылғанымен, шымтезек пен қамыстың түбі әлі де қызу сақтап тұр. Сондықтан ол учаскелер тәулік бойы су құйылып, топырақпен жабылуда. Бұл – қайталанатын өрттің алдын алу үшін жасалып жатқан шара.
Қазір 150-ге жуық адам, 40 техника мен 2 тікұшақ оқиға орнында жұмыс істеуде.
Жасырын қауіпті ошақтарды дронмен анықтауда
Өрт шыққан аумақтың әр бұрышын тиімді бақылау үшін жылу көрсеткішін анықтайтын дрондар қолданылуда. Бұл құрылғылар:
– жер астындағы қызуы басылмаған аймақтарды табуға,
– техника мен адамдарды нақты сол жерге бағыттауға,
– жаңа өрттің алдын алуға мүмкіндік береді.
Өрттің шығу себебі тексерілуде
Серік Шәпкенов әлеуметтік желілерде өрттің шығу себебіне қатысты түрлі болжамдардың тарап жатқанын атап өтті:
«Менің тапсырмам бойынша өртке не себеп болғаны – табиғи құбылыс па, әлде адам әрекеті ме – толық зерттеліп жатыр. Егер өрт әдейі жасалғаны анықталса, кінәлілер заң алдында жауап береді», – деді әкім.
Құзырлы органдар тергеу нәтижесі жөнінде халыққа ақпарат беріп отырады.
Жүйелі шешімдер қажет
Серік Шәпкенов бұл өртті соңғы жылдардағы ең ұзаққа созылған табиғи апаттардың бірі деп бағалады. Оның айтуынша, Каспийдің тайыздануы мен қамыстың шамадан тыс көбеюі – алдағы уақытта үлкен экологиялық қауіпке айналуы мүмкін.
Осыған байланысты облыс әкімдігі Экология және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, ұзақмерзімді кешенді жоспар әзірлейді. Бұл құжат болашақта осындай апаттардың алдын алуға бағытталады.
Облыс әкімі:
«Өртпен күресте уақытпен санаспай, тынымсыз еңбек етіп жүрген әр маманға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл – кәсіби біліктілікті, жанқиярлық пен төзімділікті қажет ететін командалық жұмыс. Сондай-ақ тұрғындардың түсіністікпен қарап, қолдау білдіруі де өте маңызды», – деп атап өтті.