Жаңалықтар

Желтоқсан оқиғасына қатысушысы 40 жылдан кейін ақталды

Ақтөбеде тұратын 64 жастағы азамат сот арқылы өзінің саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын дәлелдеп, әділдікке қол жеткізді. Ол 1980-жылдардың соңында жоғары оқу орнынан шығарылып, қуғынға ұшыраған болатын.

1985 жылы ол Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетіне оқуға түскен. Алайда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін тәртіп сақшылары оны наразылыққа қатысты деген күдікпен ұстаған.

Сол жылы-ақ ол қоғамдық тәртіпті бұзды деген себеппен екінші курстан шығарылған. Кейін босатылғанымен, студент:
– КПСС қатарынан шығарылды,
– қудалауға ұшырады,
– жұмысқа орналаса алмай, отбасы ауыр жағдайда қалды.

Оның жұбайы да – сол университеттің түлегі – жұмыс табуда қысым көрген.

 2025 жылы ақтөбелік азамат сотқа жүгініп, өзінің 1986 жылғы оқиғаға қатысы барын және одан кейін еңбек құқығының шектелгенін айтып, саяси қысым құрбаны ретінде тануды талап еткен.

Ақтөбедегі №3 сот бұл деректерді мұқият қарап, мынадай қорытынды жасады:

«Ол Желтоқсан оқиғасына қатысқан, кейін қудалауға ұшырағаны университет пен Алматы қалалық прокуратурасының архивтік анықтамалары және куәгерлердің сөздерімен дәлелденді».

Осылайша, желтоқсанға қатысушы азамат арада 40 жыл өткенде ресми түрде саяси қуғын-сүргіннің құрбаны ретінде танылды.