Жаңалықтар

Павлодарда ер адам бұрынғы азаматтық жұбайын қасақана қағып, аяғынан айырды

Павлодарда бұрынғы сүйіктісін қасақана көлікпен қағып, ауыр жарақаттаған ер адам 8 жылға сотталды. Бұл іс адам өлтіруге оқталу бабы бойынша қаралды,деп хабарлайды newsroom.kz.

Оқиға 6 қаңтарда болған. Mercedes-Benz көлігін тізгіндеген ер адам жоғары жылдамдықпен бұрынғы азаматтық жұбайын көлік пен гриль павильонының қабырғасының арасына қысып тастаған.

Тергеу барысында бұл кездейсоқ оқиға емес, ер адам әдейі жасаған әрекет екені анықталды. Оның әрекетін павильоннан жүгіріп шыққан сатушы тоқтатуға тырысқанымен, тым кеш болған.

Зардап шеккен әйел ауыр жарақат алып, дәрігерлер оның сол аяғын ампутациялауға мәжбүр болған.

Сот тергеу материалдарына, куәгерлер мен жәбірленушінің сөздеріне, медициналық сараптамалар мен видео дәлелдерге сүйене отырып, айыпталушының кінәсін толық дәлелденген деп таныды.

Үкімге сай, ер адам:
– 8 жылға бас бостандығынан айырылды
– 1,2 млн теңге материалдық шығын және
– 15 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді

Бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың сорақы мысалдарының бірі. Мұндай қылмыстардың алдын алу – қоғам мен құқық қорғау органдарының ортақ міндеті.