Алматы қаласы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен және Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Олжас Смағұлов қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Олжас Мұхтарұлы Смағұлов бірқатар беделді оқу орындарын тәмамдаған. Атап айтқанда, Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінде, Калифорния мемлекеттік политехникалық университеті – Помонада, Американдық континентаралық университетте, сондай-ақ Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде білім алған. Экономика, мемлекеттік саясат және басқару салаларында магистрлік дәрежеге ие.
Еңбек жолын 2013 жылы Атырау облысы әкімінің аппаратына қарасты ұйымдастыру-инспекторлық және ақпараттық-талдау бөлімінде бас маман ретінде бастаған.
Содан бері:
Атырау облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасында басшылық лауазымдарда қызмет атқарды;
ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімінде бас сарапшы болды;
2015–2019 жылдары Ақтөбе облысында түрлі басшылық қызметтерде еңбек етті;
2019–2021 жылдары Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары, Премьер-Министрдің кеңесшісі қызметтерін атқарды;
2021 жылдың қарашасынан бері Президент Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімінде басшы орынбасары болып жұмыс істеді.