Жаңалықтар

«Жарық жоқ па? Электрокөлік бар!» – Көкшетаудағы тойды көлік «алып шықты»

Көкшетаудағы ұзату тойында жарық өшіп, той иелері мен қонақтар не істерін білмей қалғанда, жағдайды электрокөлік құтқарып кетті. Электрокөлік иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Оқиғаның басты кейіпкері Ернар Сейтахмет Newsroom.kz тілшісіне  мән-жайды айтып берді.

Оқиға 14 маусым күні түстен кейін болған. Той сағат 16:00-ге таман басталғанда, кенеттен электр жарығы өшіп қалады. Қонақтар мен асаба жарық қайта қосылады деп күткен. Алайда, уақыт өте келе үміт үзіле бастаған.

«Жастар – менің достарым. Екеуі менің туған күнімде танысқан еді. Жігіт жақтың тойына бара алмадым, сол себепті ұзатуға арнайы келдім», – дейді Ернар.

Жағдайдың ушығып бара жатқанын көрген Ернар бір ай бұрын ғана сатып алған BYD Song Plus гибрид көлігінің қуатын пайдалануды ұсынады. Бірақ бастапқыда той иелері сене қоймайды – генератор келеді деп күткен.

 «Көлігімнің электр қуатын музыкалық аппаратураға бердім. Жарық пен кондиционерге қоспадық – тәуекел етпедік. Бірақ музыка ойнай бастағанда, тойдың шырайы қайта кірді. Жарықтың жоқтығы онша білінбей қалды», – дейді ол.

BYD Song Plus – гибрид көлік

Бұл көлік – қытайлық BYD компаниясының гибрид үлгісі. Электр қуатымен де, бензинмен де жұмыс істей алады. Ернар Сейтахметтің айтуынша, қуат азайған кезде көлік өздігінен бензин арқылы аккумуляторды қайта зарядтап отырған, сондықтан той біткенше 4-5 сағат бойы музыкалық аппаратураны үздіксіз қуаттандыруға мүмкіндік болған. Кешке қарай ғана жарық қайта қосылыпты – қыз ұзатылып жатқанда.

BYD көліктері соңғы жылдары Қазақстанда да танымал бола бастады. Олар үнемділігімен және қосымша қуат көзі бола алатынымен ерекшеленеді.

Көлікке еш зиян келмеген. Көлік те, той да – дін аман. Бұл оқиғадан кейін Ернар электрокөліктердің болашағына сенімі артқанын жасырмайды.

«Қандай инновация шықса да, алдымен тойда сынап көретін халықпыз ғой. Бұл жолы электрокар дәл тойда керекке жарады», – дейді ол әзіл-шыны аралас.

Бұл оқиға электромобильдердің күнделікті өмірде ғана емес, күтпеген жағдайларда да пайдасын тигізе алатынын көрсетті. Тек көлік қана емес, заманауи технологияның өзі тойдың шырайын келтіретін дәуірге келдік, сірә.