АҚШ Әскери-теңіз күштерінің мәліметінше, аймаққа бет алған USS Gerald R. Ford (CVN-78) – ел тарихындағы ең жаңа әрі ең қуатты авианосец. Ол келесі аптада АҚШ Қарулы күштерінің Еуропадағы қолбасшылығына бағынышты аймаққа жетіп, Шығыс Жерорта теңізіне, Израиль жағалауына жақындайды. Сонымен қатар тағы бір авианосец осы аймақтағы USS Carl Vinson кемесіне қосылуы немесе оны алмастыруы мүмкін.
USS Gerald R. Ford туралы не білеміз?
USS Gerald R. Ford – АҚШ-тың жаңа буындағы авианосецтерінің тұңғыш өкілі. Оның қуаты мен мүмкіндіктері бұрынғы Nimitz класты кемелерден әлдеқайда жоғары. Атап айтқанда:
Қуат көзі: Екі A1B ядролық реакторы кемеге тоқтаусыз қозғалу мен жоғары жылдамдықта жүру мүмкіндігін береді. Бір реактордың жылу қуаты – шамамен 550 МВт.
Жылдамдығы: Сағатына 30 узелдан (56 км/сағ) асады.
Энергия тиімділігі: Электр қуатын өндіру көлемі үш есе артық, болашақта лазерлік қару жүйелерін де орнатуға мүмкіндік бар.
Әуе апаруы: Жаңа EMALS катапульт жүйесі мен AAG ұшақ тежегіштерінің арқасында ұшақтарды бұрынғыдан 25% жиі ұшыра алады.
Радар және қорғаныс жүйесі: AN/SPY-3, SPY-4 және SSDS Mk2 жүйелері кемені әуеден, теңіз беті мен астынан келетін шабуылдардан қорғайды.
Кеме 2009 жылы суға түсіп, 2017 жылдың шілдесінде ресми түрде АҚШ флотының қатарына қосылған. Алғашқы толыққанды миссиясын 2023 жылы Еуропада бастаған.
Қайда және не үшін?
USS Gerald R. Ford пен өзге америкалық кемелер қазіргі таңда Израиль мен Иран арасындағы әскери қақтығыс аясында аймаққа бағытталып отыр. Еске салсақ, 13 маусымға қараған түні Израиль Иранның ядролық нысандарына әуе шабуылдарын бастағанын жариялады. Операция барысында ядролық орталықтар, ғалымдар, генералдар мен ПВО жүйелері нысанаға алынған.
Иран бұл шабуылдарға зымырандармен және дрондармен жауап беріп жатыр. Екі тараптың соққыларынан бейбіт тұрғындар арасында да шығын көп. Израиль тарабы 20-дан аса адамның қаза тапқанын, 800-ден астам адамның жараланғанын мәлімдеді. Иран денсаулық сақтау министрлігі 220 адамның көз жұмғанын, 1 800-ден астам адамның жараланғанын хабарлады.
АҚШ не үшін араласты?
Америкалық авианосецтер – дағдарыс аймақтарына әскери қуат көрсету құралы ретінде бірінші болып жіберіледі. USS Gerald R. Ford – соның символы. Бұл қадам АҚШ-тың аймақтағы тұрақсыздыққа әскери дайындықпен жауап беріп отырғанын аңғартады.
Айта кетейік, USS Gerald R. Ford келешекте де әскери технологиялардың сынақ алаңына айналуы мүмкін. Оның қуатты инфрақұрылымы мен автоматтандырылған жүйелері АҚШ-тың теңіздегі үстемдігін жаңа деңгейге шығарып отыр.