Қазақстанда орташа зейнетақы небәрі 102 теңгеге өсті
2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен қазақстандық зейнеткерлерге 1,7 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Елдегі зейнеткерлердің саны да артып келеді: 1 маусымдағы мәлімет бойынша, олардың қатары 2 млн 481 мың адамға жеткен — бұл өткен аймен салыстырғанда 10 мың адамға көп, деп хабарлайды newsroom.kz.
Зейнетақы мөлшері сәл көтерілгенімен, өсім аса мардымсыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2025 жылғы 1 маусымдағы орташа жиынтық зейнетақы көлемі — 143 502 теңге. Оның ішінде:
- еңбек (солидарлық) зейнетақысы – 95 814 теңге,
- базалық зейнетақы – 47 688 теңге.
Салыстырмалы түрде айтсақ, мамырда орташа зейнетақы 143 400 теңге болған. Яғни айырмашылығы — небәрі 102 теңге.
Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері:
- базалық зейнетақыға – 564,7 млрд теңге,
- еңбек зейнетақысына – 1 трлн 181,2 млрд теңге жұмсалған.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақылар қайта есептелген болатын: базалық зейнетақы 6,5%, ал еңбек зейнетақысы 8,5% өсіп, болжаулы инфляция деңгейінен жоғары болды.