Индонезияда жанартаудың атқылауы әуе қатынасын уақытша тоқтатты
Индонезияда Левотоби-Лаки-Лаки жанартауы оянып, 11 шақырымнан астам биіктікке күл мен түтін ұшырды. Қуатты атқылау салдарынан Флорес аралын от пен күлге ораған алып бұлт басып қалды. Соның кесірінен ондаған әуе рейсі кейінге шегеріліп немесе мүлде тоқтатылды. Бұл Бали аралына да әсер етті — танымал курортқа ұшатын ұшақтар тоқтап тұр.
Жанартау 17 маусым күні, жергілікті уақытпен 17:35-те атқылай бастаған. Индонезияның геология агенттігі ұшқан ыстық күл бағанын 150 шақырым жерден де көруге болатынын хабарлады.
Оқиға орнынан түсірілген фото мен видеоларда қою қызғылт, саңырауқұлақ тәрізді бұлт Талибура ауылын тұтастай жауып тұрғаны анық байқалады. Ел билігі ең жоғары деңгейдегі қауіп дабылын жариялады.
Туристерге бұл өңірге бармауға және саяхат жоспарын қайта қарауға кеңес берілді. Денпасар қаласындағы халықаралық әуежай ондаған рейстің тоқтағанын растады — олардың барлығы жанартау атқылауымен тікелей байланысты.
Айта кетейік, Индонезия — сейсмикалық белсенді аймақ саналатын Тынық мұхит «От сақинасының» бойында орналасқан. Бұл аймақта жер сілкіністері мен жанартау атқылаулары жиі кездеседі.