Екінші АЭС бірінші станциядан ертерек салынуы мүмкін – Скляр
Қазақстанда екінші атом электр станциясы алғашқысына қарағанда тезірек салынуы ықтимал. Бұл туралы вице-премьер Роман Скляр «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында мәлімдеді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Оның айтуынша, бәрі таңдаулы технология мен мердігер компанияға байланысты болмақ.
– Неге болмасын? Мұның бәрі құрылысты қолға алатын компанияның технологиясына қарай шешіледі, – деді ол.
Склярдың сөзіне қарағанда, үкімет екі АЭС-ті қатар салу мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Екінші станцияның орны мен бастапқы есептері 2025 жылдың күзіне қарай дайын болуы мүмкін.
– Күзге қарай алғашқы деректер, сандар мен нақты алаң белгілі болады деп ойлаймын. Тіпті бұрынырақ та болуы мүмкін, – деді ол.
АЭС құрылысының нақты құны әзірге белгісіз. Бұл көрсеткіш техникалық-экономикалық негіздеме дайын болғаннан кейін белгілі болады.