2023 жылдың маусымында пайдалануға берілген БАКАД-тың басты мақсаты – қала ішіндегі көлік қозғалысын азайтып, ауаның ластануын төмендету және мегаполистегі жол жағдайын жақсарту еді. Алғашқы айларда бұл мақсат орындалғандай көрінді: Sergek мәліметінше, жаңа айналма жол ашылған соң Құлжа мен Ташкент тасжолдарындағы қозғалыс көлемі үштен бірге дейін азайған.
Мәселен, 2023 жылғы маусымның алғашқы жартысында Құлжа тасжолымен тәулігіне 74 мыңнан аса көлік өтсе, шілде соңына қарай бұл көрсеткіш 48 мыңға дейін төмендеген. Дәл осындай үрдіс Ташкент бағытында да байқалды: маусым басында 172 мыңнан астам көлік жүрсе, ҮАААЖ іске қосылған соң бұл сан 116 мыңға түскен.
Сарапшылар бұл құбылысты жаңа жолдың транзиттік көліктерді қалаға кірмей-ақ айналып өтуге мүмкіндік беруімен түсіндірген. Заманауи жабындысы мен кеңдігі арқасында көлік қозғалысы әлдеқайда жылдамдаған еді.
Алайда 2025 жылдың көктемінде жағдай күрт өзгерді. Соңғы деректерге сүйенсек, жоғарыда аталған негізгі жолдармен қатынайтын көлік саны 2023 жылдың жазымен салыстырғанда шамамен 40 пайызға артқан. Бұған басты себеп – көліктер мен қала маңындағы халық санының өсуі.
Sergek Group мамандары алғашқы кезде ҮАААЖ расымен тиімді жұмыс істегенін мойындайды. Бірақ егер қосымша шаралар қолға алынбаса, Алматының маңындағы көлік тығыны алдағы уақытта одан әрі ушығуы мүмкін екенін ескертеді.
ҮАААЖ жарыс жолына айналып бара ма?
Жаңа автожол – тек кептеліспен ғана емес, жол ережесін өрескел бұзушылармен де аты шығып тұр. Әлеуметтік желілерде мектеп бітіруші түлектердің көлікпен жоғары жылдамдықта жүріп, колоннамен қозғалған сәті бейнеленген видеолар тарады. Жолақтарды жауып, терезеден дене шығарып кеткен жастардың бұл әрекеті – апат қаупін тудырған.
Көпшілік мұндай жайттардың жиілегенін айтып, ҮАААЖ-ны "екінші Қапшағай жолына" теңеп жатыр – яғни, заңды елемейтін жүргізушілер өздерін еркін сезінетін орынға айналғандай.
Қоғамның назарын аудартқан бұл жағдай құқық қорғау органдары тарапынан қатаң бақылау мен әрекетті талап етеді.