Израиль шабуылынан кейін КСИР басшысы мен ядролық физиктер қаза тапты – мұнай бағасы қымбаттап жатыр
Израильдің әуе шабуылдары Тегеран маңындағы кемінде алты әскери нысанға бағытталған. Олардың арасында жоғары шенді әскери қызметкерлер мен ядролық бағдарламаға қатысы бар ғалымдар тұрған тұрғын үй кешендері де бар, деп хабарлайды newsroom.kz ашық дереккөздерге сүйеніп.
Ирандық ақпарат құралдарының хабарлауынша, шабуыл салдарынан Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) бас қолбасшысы, генерал Хосейн Салами көз жұмған болуы мүмкін. Сонымен қатар екі ядролық физиктің де қаза тапқаны айтылуда. Бейбіт тұрғындар арасында да құрбандар бар екені хабарланып отыр.
Шабуыл тек Тегеранмен шектелмей, Иранның ядролық бағдарламасы үшін стратегиялық маңызы бар Натанз қаласында және Хамеданда да тіркелді.
Оқиғадан кейін Израильде төтенше жағдай жарияланып, әскер мыңдаған резервисті қызметке шақырып жатыр.
Қақтығыс ушыға түскен тұста, әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт өсті. Brent маркалы мұнай фьючерстері сәуір айының басынан бергі ең жоғары көрсеткішке – 75,3 доллар/баррель деңгейіне жетті.