Компания аукционда 150 миллион теңге ұсынып, жеңімпаз атанған. Бұл сома бастапқы бағаның екі есесіне жуық. Қытайлықтар жұмыс жүргізетін аумақ 5,4 мың шаршы шақырымнан асады.
«Үстірт-2» кен орны бұған дейін де бірнеше рет саудаға шығарылған еді, бірақ инвесторлар қызығушылық танытпаған. Себебі бұл аумақта мұнай қоры нақты анықталмаған, әрі географиялық орналасуы да қолайсыз саналады.
Алайда келісімшарт бойынша, Kazakhstan Dinghua Energy алғашқы кезеңде кен орнына кемінде 15 миллион доллар инвестиция құюы тиіс. Алдымен 6 миллион долларға геологиялық барлау жұмыстары, кейін 9 миллион долларға үш барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған.
Айта кетейік, соңғы өткен аукционда төрт кен орнының игеру құқығы саудаға түскен. Ең жоғары бағаға – 809 миллион теңгеге – Алматы мен Жетісу облыстарындағы Жаркент кен орны сатылды. Оны қазақстандық Almaty Oil Ventures компаниясы сатып алып, жобаның алғашқы кезеңіне 12 миллион доллар инвестиция салатынын мәлімдеді.
Ал қалған «Көкөй» және «Сарысу» кен орындарын Taraz Petroleum және Earth Oil & Gas компаниялары алған.