Италия жастарды шақырып 3,5 млн теңге ұсынуда

Италияның Варезе провинциясында халықтың тұрақты түрде азаюы, жастар мен білікті мамандардың басқа өңірлерге кетуі алаңдаушылық тудыруда,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы 24 Italy сайтына сілтеме жасап.
Осы мәселеге жауап ретінде Варезе Сауда-өнеркәсіп палатасы өңірдің тартымдылығын арттыру мақсатында жаңа бастама ұсынды.
Жоба аясында өңірге көшіп келген 40 жасқа дейінгі азаматтарға жыл сайын 2 000 еуро көлемінде үш жылға дейін ваучер беріледі. Бұл қолдау тек жергілікті компаниямен еңбек шартына қол қойып, Варезе провинциясына тұрақты тұруға келгендерге ұсынылады.
«Біз де, Италияның көптеген өңірлері сияқты, алаңдатарлық демографиялық және еңбек нарығындағы құбылыстармен бетпе-бет келудеміз», – дейді Сауда палатасының президенті Мауро Витиелло.
«Бұл шара халықтың көшуін тежеп, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті азайтуға және жастардың елден кетуін шектеуге бағытталған», – деп атап өтті ол.
Бұл бастама «Вieni a vivere a Varese» («Варезеге көшіп кел») атты жоба аясында жүзеге асуда. Жоба жергілікті билікпен және экономикалық құрылымдармен бірлесіп әзірленген.
Варезе – Италиядағы кәсіпкерлік тығыздығы мен экспорттық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Алайда Милан қаласына және Швейцария шекарасына жақын орналасуы бұл өңірде жұмыс күшінің ағынына да әсер етуде. Осы себепті тұрғындардың өңірде қалуы үшін сапалы өмір сүру мүмкіндіктері мен тартымды жұмыс орындарын қатар ұсыну маңызды болып отыр.
Палата өкілдерінің айтуынша, ваучерлер тек тұрғын үймен байланысты емес, жергілікті дүкендер мен қолөнер шеберханаларындағы тауарлар мен қызметтерге жұмсалады. Бұл – өңірдегі шағын бизнесті де қолдайтын жанама құрал.
«Біз бұл бастама барлық мәселені бірден шешпейтінін түсінеміз. Дегенмен, бұл қоғамды жұмылдырып, өңірдің әлеуетін іске қосатын тиімді құрал боларына сенеміз», – дейді Витиелло.
Аталған бастама аясындағы ресми конкурс шарттары келесі аптада Варезе Сауда-өнеркәсіп палатасының сайтында жарияланады.