Жаңалықтар

«Илон қателесті» — Масктың әкесі Трампты жақтады

АҚШ президенті мен әйгілі миллиардер арасындағы текетірес онсыз да күлкілі көрінсе, енді оған Илон Масктың әкесі Эррол Маск та араласып отыр.

Bild басылымының жазуынша, Эррол бұл дауда Трамптың жағына шыққан.

«Илон қателік жіберді. Бірақ ол қатты шаршады. Олар бір-бірімен осылай тайталаса береді, ақыры қайтадан қалыпты сөйлесе алатын жағдайға келеді», — дейді Эррол Маск.

Оның ойынша, Илон мен Трамптың арасы жақын күндері-ақ қалпына келеді.

«Соңғы бес айда екеуі де қатты қысымда болды. Енді аздап тыныс алсын. Олар қарсы тарапты ығыстырып, елді бір ізге түсіруге тырысты. Яғни, жай ғана өз істерімен айналысқысы келді. Сондықтан бұл – болмашы нәрсе. Ертең-ақ ұмытылады», — дейді ол.

Айтпақшы, қазір Масктың әкесі Мәскеуде жүр. Ол «2050 – Болашақ форумы» атты шараға қатысу үшін Ресейге ұшып барған. Форумды «Царьград институты» ұйымдастырған. Эррол Маск спикер ретінде тіркелген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Илон Маск X әлеуметтік желісінде Трамптың аты Эпштейн ісіндегі құжаттарда аталғанын жазып, артынан сол жазбасын өшіріп тастаған болатын.