Қазақстанда ерлердің жалақысы әйелдерге қарағанда жылдам өсіп жатыр
2024 жылы Қазақстанда ерлер мен әйелдердің орташа жалақысы арасындағы айырмашылық сақталып қана қоймай, біртіндеп артып келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, шағын бизнес өкілдерін есепке алмағанда, ерлердің орташа айлық атаулы жалақысы 468,9 мың теңгені, ал әйелдердікі 344,5 мың теңгені құраған. Яғни, ерлер орта есеппен 36%-ға көп табыс табады, деп хабарлайды newsroom.kz «Мой Город» басылымына сілтме жасап.
Жалақының өсу қарқыны да әртүрлі: ерлерде – 12%, әйелдерде – 10,7%. Алайда инфляцияны есепке алғанда, нақты өсім ерлерде 3%, әйелдерде 1,8%-ды ғана құрайды. Бұл туралы DUTA HUB арнасы ресми статистикаға сүйене отырып хабарлады.
Сарапшылар гендерлік жалақы алшақтығы соңғы үш жыл бойы сақталып келеді дейді. Әсіресе, жоғары білікті мамандар арасында теңсіздік айқын байқалады. Мәселен, «басшылар мен мемлекеттік қызметкерлер» тобы бойынша ерлердің орташа жалақысы – 776,3 мың теңге, әйелдердікі – 561,9 мың теңге (айырмашылық – 38%). Ал «кәсіби мамандар» санатында (дәрігерлер, заңгерлер, бағдарламашылар және т.б.) ерлер – 538,5 мың, әйелдер – 395,3 мың теңге жалақы алады (айырма – 36%).
Бұған қоса, кәсіби мамандар арасында әйелдердің саны ерлерден екі есе көп. Бірақ олардың шамамен 75%-ы жалақысы төмен білім беру және денсаулық сақтау/әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Ерлердің де бұл салалардағы үлесі жоғары — 41%, дегенмен бұл әйелдерге қарағанда едәуір аз.
Білім беру саласында әйелдер орта есеппен 360,2 мың теңге, ерлер — 370,6 мың теңге алады. Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету салаларында әйелдердің орташа жалақысы 370,2 мың теңге, ал ерлердікі 413,6 мың теңге.
Алайда бұл салаларда жалақы өсімі баяу — 5–6,5% шамасында, ал елдегі инфляция деңгейі 8,7%-ды құраған. Соның салдарынан білім мен медицина қызметкерлерінің нақты табысы ерлерде де, әйелдерде де төмендеген, дейді сарапшылар.