Талғат Қалиев: «Кадрлық ротацияның уақыты келді»
Белгілі қазақстандық саясаттанушы Талғат Қалиев Ақордадағы соңғы кадрлық тағайындауларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Бұған дейін Ақордада Қорғаныс министрі болып Даурен Қосанов, ал Президенттің кеңесшісі қызметіне Әсел Жанасова тағайындалғаны хабарланған еді.
– Менің ойымша, бұл – жоспарлы кадрлық ротацияның уақыты. Жақын күндері күштік құрылымдарда алқа отырыстары өтпек. Соған орай жаңа министрлер тағайындалып, алдағы міндеттер солардың алдына қойылмақ. Қорғаныс министрі болып тағайындалған адам – кадрлық әскери, бұған дейін әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы болған. Бұл – жақсы белгі. Себебі қазіргі таңда жаңа технологиялар мен қару түрлерінің, әсіресе дрондардың, маңызы артып келеді. Олар әуе күштерінің құзырында, – деді Талғат Қалиев.
Саясаттанушының айтуынша, Әсел Жанасованың тағайындалуы да – қызметтік жоғарылау.
– Бұл – жақсы көрсеткіш. Ол – мемлекеттік "Қазпошта" компаниясының басшысы, заманауи ойлайтын, білікті маман. Демек, Президент инновацияға жіті мән беріп отыр және мемлекеттік басқаруға жаңа тәсілдерді енгізуді көздейді, – деп атап өтті Қалиев.
Сарапшы сондай-ақ Руслан Жақсылықовтың алдағы тағдырына қатысты нақты ақпарат жоқ екенін айтты. Ал Марат Қарабаевтың Көлік министрі қызметінен босатылуы күтілген шешім болғанын атап өтті.
– Демек, бұл қадамға негіз боларлық салмақты себептер бар, – деп түйіндеді саясаттанушы.