Тоқаев: Қазіргі күйіндегі БҰҰ ХХІ ғасыр шындығына сай келмейді
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық The Hill басылымында жарық көрген мақаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) 80 жылдығына орай ғаламдық басқару жүйесіне терең реформа қажет екенін айтты. Ол БҰҰ-ны әділеттірек, өкілдік аясы кең әрі заманауи көпполярлы әлемге бейім ұйымға айналдыру қажеттігін алға тартты, деп хабарлайды newsroom.kz.
Мемлекет басшысы БҰҰ бейбітшілікті сақтау мен гуманитарлық көмек саласында үлкен жетістіктерге жеткенін мойындай отырып, ұйымға деген сынның күшейіп келе жатқанын атап өтті. Әсіресе, Қауіпсіздік кеңесінің жұмысын тұралатып тұрған вето құқығына байланысты жиі тығырыққа тірелетінін сынға алды.
Сонымен қатар, халықаралық шешімдер қабылдау үдерісінде Азия, Африка мен Латын Америкасындағы дамушы және орташа қуатты елдердің жеткілікті деңгейде қамтылмауы да өзекті мәселе болып отыр.
«Кейбіреулер БҰҰ ескіріп, өз маңызын жоғалтты деп есептейді. Бірақ бұл – қате ұстаным. Оның орнына біз көпжақты жүйені қайта жаңғыртып, оны өңірлік басымдықтар мен қазіргі ахуалға сезімтал етуіміз қажет. Бұл жолда дамушы және орта деңгейдегі мемлекеттердің рөлі артуы тиіс. Себебі олар жергілікті жағдайды жақсы біледі және өз аймағының мәселесіне бейжай қарамайды. БҰҰ аясында осындай елдерге кең мүмкіндіктер беру – жүйені демократияландырудың маңызды қадамы болмақ», – деді Президент.
Тоқаевтың пайымынша, БҰҰ-ның болашағы – өңірлік көшбасшылардың ықпалы артқан, икемді әрі әділ көпжақты әріптестік жүйесінде.
Мемлекет басшысы Алматыда ашылған Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын осы бағыттағы жарқын мысал ретінде келтірді.
«Бұл орталық климат, су қауіпсіздігі мен экономикалық ықпалдастық мәселелері бойынша нақты шешімдер ұсынатын хабқа айналады. Себебі әр өңір өз қажеттілігін өзі жақсы түсінеді және дауысы естілуі керек», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Президент:
«Мұндай орталықтар БҰҰ мақсаттарын қарапайым адамдарға жақындатады. БҰҰ әлем бойынша өңірлік құрылымдармен тығыз жұмыс істеуі керек. Бұл дамушы және орта державаларға өзекті мәселелерді шешуде белсенді рөл атқаруға мүмкіндік береді. Мейлі ол Сахель аймағы болсын, Оңтүстік-Шығыс Азия не Латын Америкасы болсын – мұндай тәсіл жаһандық әріптестікті инклюзивті, икемді және тиімді етуге жол ашады», – деп жазды.
Тоқаевтың айтуынша, дәл осы дамушы және орта қуатты елдер БҰҰ-ның негізгі идеяларына ең көп сенім артады. Олар үшін БҰҰ – әртүрлі салмақтағы елдер тең деңгейде сөйлесе алатын жалғыз әмбебап алаң.
«Егер БҰҰ расымен жаһандық қауымдастыққа қызмет еткісі келсе, оның құрылымдарын, әсіресе Қауіпсіздік кеңесін қайта құру қажет. Онда тек "үлкен бестік" (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай) емес, басқа да елдердің үні естілуі керек. Сонда ғана БҰҰ біздің заманымыздың сан алуан әрі шұғыл аймақтық сын-қатерлеріне тиімді жауап бере алады», – деді Президент.
Қазақстан әрқашан халықаралық аренада жауапты ұстаным танытып келеді. Тоқаев еліміздің Ауғанстанды қайта қалыпқа келтіру жолындағы бастамаларын, Сирия мәселесі бойынша Астана процесіне қатысуын, Армения мен Әзербайжан арасындағы диалогты қолдауын, сондай-ақ бейбітшілік миссияларына атсалысуын мысалға келтірді.
Мемлекет басшысы елдің антиядролық саясаттағы ұстанымын да ерекше атап өтті:
«Қазақстан төртінші ірі ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Біз Орталық Азияны ядросыз аймақ ретінде қалыптастыруға үлес қостық, Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қойдық. 2045 жылға қарай – БҰҰ-ның 100 жылдығына дейін – ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу үшін күш сала береміз», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ ол БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бастамашы болған UN80 реформасына қолдау білдірді. Бұл бастама ұйымның ескірген құрылымдарын жаңартып, қазіргі сын-қатерлерге бейімдеуді көздейді.
«Егер БҰҰ өкілді, өңірлік мүдделерге бағытталған әрі нақты нәтижеге ұмтылатын құрылымға айналса, ол болашақта да тиімді әрі қажет ұйым болып қала береді. Халықаралық қауымдастық БҰҰ-дан теріс айналмай, оны бірге жаңғыртып, нығайтуы тиіс. Өйткені одан өзге балама жоқ», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.