Жаңалықтар

Астанада автобус апаты болып, әйел екі аяғынан айырылды

Астананың Республика даңғылында маршруттық автобустың қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апат салдарынан ондаған адам зардап шегіп, тіпті бір әйел екі аяғынан айырылды, деп хабарлайды newsroom.kz.

Астана қалалық ПД мәліметінше, жүргізуші жолаушылармен бірге маршрут бойынша жүріп келе жатқанда, маневр жасау кезінде басқаруды жоғалтып, ақпараттық тақтаның тірегіне соғылған.

ЖКО салдарынан зардап шеккендер бар. Жедел медициналық жәрдем бригадасы зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуде. Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жан-жақты тексеру жүргізілуде, барлық мән-жайлар анықталуда, – деп хабарлады полициядан.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің барлығы түрлі стационарларға жеткізілді. Екі адам Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жөнелтілген.

Жалпы, апаттан кейін 15 адам ауруханаға жеткізілген. Оның 12-сі тексеруден соң үйлеріне жіберілді. Үшеуінің жағдайы — ауыр және өте ауыр.

Зардап шеккен әйелдердің бірі екі аяғынан айырылды — дәрігерлер аяқтарын ампутациялауға мәжбүр болды.