«Өрмек» операциясы: украин дрондары Ресейдің ондаған бомбалаушы ұшағын жойды
1 маусым күні түстен кейін Украина күштері Ресейдің стратегиялық авиациясына тиесілі бірнеше әуе базасына FPV-дрондармен соққы жасады. Бұл — соғыс басталғалы бері Сібір аймағындағы нысандарға бағытталған алғашқы шабуыл.
Алдымен шабуыл Мурман облысындағы Оленья авиабазасына жасалғаны хабарланды. Кейін дрондардың Иркутск облысындағы Белая әскери базасына да соққы бергені белгілі болды. Бұл Сібірдегі Ресей әскери нысанына жасалған алғашқы шабуыл ретінде тіркелді.
Сонымен қатар Рязань облысындағы Дягилево және Иваново облысындағы Иваново-Северный аэродромдары да дрон шабуылына ұшырады. Тергеу мәліметінше, FPV-дрондар жақын маңда тұрған жүк көліктерінің тіркемелерінен ұшырылған.
BBC Украинаның қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздерге сілтеме жасай отырып, бұл «Өрмек» атты операцияның бір жарым жыл бойы дайындалып, тікелей Украина президенті Владимир Зеленскийдің бақылауында болғанын хабарлайды.
СБУ-дың мәліметінше, шабуыл нәтижесінде Ресейдің 40-тан астам стратегиялық ұшағы жойылған немесе зақымдалған. Бұл — Ресейдің стратегиялық авиациялық паркіндегі әуе техникасының 30 пайызынан астамы. Жойылған ұшақтардың арасында Украинаға шабуыл жасау үшін қолданылған бомбалаушы ұшақтар да бар. Алайда Ресейдің бейресми дереккөздері 10 ұшақ жойылғанын ғана мәлімдеп отыр.
Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми хабарламасында Мурман, Иркутск, Иваново, Рязань және Амур облыстарындағы бес аэродром шабуылға ұшырағаны расталды.
«Иваново, Рязань және Амур облыстарындағы аэродромдарға жасалған шабуылдар тойтарылды. Мурман мен Иркутск облыстарында аэродром маңынан ұшырылған FPV-дрондар бірнеше ұшаққа от қойды», — делінген министрлік мәлімдемесінде.
Ресей тарапы шабуыл салдарынан әскери немесе бейбіт адамдар арасында қаза тапқандар жоқ екенін, өрттің толық сөндірілгенін айтты. Сонымен қатар «терактке қатысы бар кейбір адамдар ұсталды» деп мәлімдеді.
Айта кетейік, осы күні Ресейде екі теміржол көпірі қирағаны туралы да хабар тараған. Алғашында бұл жарылыс нәтижесінде болды деген болжам айтылды, бірақ кейін ол расталмады.