Жаңалықтар

5 жасар баланы қаққан мас жүргізуші үйқамаққа жіберілген

Жетісуда мас жүргізуші бес жасар қызды қағып кетті, ал сот оны үйқамаққа жіберді.

Оқиға 16 мамыр күні кешкісін Жетісу облысы Алакөл ауданына қарасты Достық стансасында болған. "Қазақстан темір жолының" 45 жастағы қызметкері Мақсат Жақсылықов мас күйінде көлік жүргізіп, жол жиегімен кетіп бара жатқан әйел мен екі баланы қағып өткен.

Куәгерлердің айтуынша, әйел кіші баласы отырған арбаны итеріп үлгергенімен, бес жастағы Сезім Рүстемқызы көліктің астында қалған. Қызды көліктің астынан шығарып жатқанда, жүргізуші жағдайды пайдаланып, көлігін тастап, оқиға орнынан қашып кеткен. Алайда ертеңіне таңертең өзі полицияға келіп, кінәсін мойындаған.

Қазір бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 325-1-бабы, 2-бөлігі бойынша Алакөл аудандық сотында қаралып жатыр.

Сотта Жақсылықов өзін "ашуға булыққан жұрттан қорықтым" деп ақтаған. Ол 17 мамырда аудандық полиция бөліміне қарасты уақытша ұстау изоляторына қамалғанымен, келесі күні – 18 мамырда үйқамаққа босатылған.

Сот шешімін судья Эльмира Асубаева шығарған. Ол айыпталушының тұрақты жұмысы, мекенжайы барын және асырауында бес баласы барын алға тартып, істі "жеңіл санаттағы қылмыс" деп бағалаған.

Қыздың ата-анасы бастапқыда сот туралы ойламаған, оларға ең бастысы – баланы аман алып қалу болған. Дәрігерлер он күн бойы бүлдіршіннің өмірі үшін күресті. Алайда алған жарақаты тым ауыр болғандықтан, Сезім 26 мамыр күні есін жимастан көз жұмды.

Қыздың әкесі Рүстем Омаровтың айтуынша, Жақсылықов оқиғадан кейін бүкіл отбасымен көшіп кеткен. Ол полиция шақырып, әкімдікпен байланысқа шыққан. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайына барған тәртіп сақшылары оның үйде жоқ екенін анықтаған.